Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Алматының X қысқы Азия ойындарын өткізуге дайындығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, 2029 жылы қалада X қысқы Азия ойындарын өткізу туралы шешім Миландағы Олимпиада ойындарының қарсаңында жарияланған.
Бұл шешім қысқы спорт түрлерін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Жаңа спорт нысандарын салу мәселесіне келсек, өтінім мақұлданар алдында біз мониторинг жүргізіп, талдау жасадық. Қолда бар нысандар халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді және Азия ойындарының бағдарламасын толық қамтамасыз етеді. Яғни, Азия ойындарын өткізу үшін қосымша жаңа спорт нысандарын салудың қажеті жоқ, – деп атап өтті Серік Жарасбаев Сенаттың кулуарында.
Сонымен қатар ол бұған 2011 жылғы Азия ойындары мен 2017 жылғы XXVIII қысқы Универсиаданың өткізілуі дәлел бола алатынын ескертті.
Көлік кептелісіне қатысты айтсақ, ол кезде біз де бұл мәселеге алаңдағанбыз, себебі мұндай ауқымды шара кезінде туристер мен спортшылар көптеп келеді. Алайда көлік қозғалысын дұрыс ұйымдастырып, жарыс кестесін тиімді жоспарлау арқылы 2017 жылы кептеліс мәселесін болдырмадық. Жалпы, қала бұл міндетті еңсере алды. Қазақстанның халықаралық спорттық іс-шараларды өткізу тәжірибесі жеткілікті деп ойлаймын, ал жол қозғалысын реттеуге бірлескен, үйлесімді жұмыс көмектеседі, – деді Туризм және спорт вице-министрі.