Алматы, BAQ.KZ. Алматыда ауруханадан тыс жерде қайтыс болған адамды жерлемес бұрын коронавирусты анықтайтын тест алынбайтын болды.
Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшиннің жаңа Қаулысына сәйкес Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб отырысының 2020 жылғы 9 сәуірдегі "қайтыс болған адамдардан COVID-19-ға тест алу алгоритмін бекіту туралы" хаттама өз күшін жойды.
Енді ауруханадан тыс жерде бақилық болғандарды бірден жерлей беруге болады. Бұған дейін мәйіттен коронавирустың бар-жоғын анықтау үшін талдама алынып, соны күтуге тура келетін.
Жаңа ереже бойынша адам қайтыс болған жерге полиция қызметкерлері баруға міндетті, олар адам денесінде зорлық-зомбылық белгілерін тексеру үшін ғана барады.
Бұған дейін алматылықтар қайтыс болған туыстарын жерлей алмай отырғандарын айтып шағымданған. Өйткені мәйңтханалар мен жерлеу рәсімін жүргізетін агенттіктер мәйіттен коронавирусқа қатысты алынған тест нәтижесі теріс болған кезде ғана қабылдап келген.