Алматыда №92 автобусының жүргізушісі рейс кезінде қайтыс болды. Бұл туралы «Алматыэлектротранс» ЖШС баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 25 қаңтарда Абылайхан даңғылы мен Сайын көшесінің қиылысында болған. Автобус қиылысқа жақындаған сәтте жүргізушінің жағдайы кенет нашарлаған.
Жолаушылардың бірі тез әрекет етіп, жүргізуші кабинасына кіріп, тежегіш педалін басқан. Сөйтіп жол-көлік оқиғасының алдын алды. Жолаушылар дереу жедел жәрдем шақырған. Медициналық бригада келгенше, жүргізуші қайтыс болған. Алдын ала диагноз – өткір миокард инфаркті, – деп хабарлады компания өкілдері.
Белгілі болғандай, жүргізуші сол күні таңертең міндетті алдын ала медициналық тексеруден өткен. Ол компанияда 2023 жылғы тамыздан бері жұмыс істеген.
Жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ. Қажетті тергеу шаралары өткізілгеннен кейін көлік паркке жеткізілді, – деді «Алматыэлектротранс».
Компания қайтыс болған жүргізушінің отбасына көңіл айтып, оларға қолдау көрсетілетінін жеткізді.