Алматыда автобус жаяу жүргіншіні қағып кетті. Салдарынан қыз бала оқиға орнында жан тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға бүгін сағат 12:20 шамасында Бостандық ауданындағы Мұстафин көшесінде болған.
Алматы қалалық Полиция департаментінің редакцияға берген мәліметінше, жеке тасымалдаушы компанияға тиесілі автобустың жүргізушісі Мұстафин көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, жолды шығыс бағытта кесіп өтпек болған 1996 жылы туған қызды қағып кеткен.
Ауыр жарақат алған жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды.
Аталған факті бойынша адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Полиция тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолды тек белгіленген орындардан кесіп өтуге шақырды.