Алматыда аудандардың бірінде әйел мен балалар батпаққа батып, жолда жүре алмай қалған

Әсіресе жауын-шашын кезінде тұрғындар көшелерде батпақұа батуда.

 pixabay 19 Ақпан 2026, 18:58
19 Ақпан 2026, 18:58
1127
Фото: pixabay

Әлеуметтік желіде әйел мен балалардың аяқтары балшыққа батып, ары қарай жүре алмай қалғаны көрінген видео тарады. Белгілі болғандай, оқиға Алматыдағы Мәдениет ықшам ауданында орын алған. Тұрғындар жолдың жағдайына шағымдарын айтса, әкімдік мұны аудан халқының қамы үшін жасалып жатқан уақытша қолайсыздық деп түсіндіреді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Желіде тараған бейнежазбада әйел адамның балаларымен бірге батпаққа батып, жолдан өте алмай тұрғаны көрінеді. Тұрғындардың сөзінше, қоймалжың лайдың кесірінен жүру мүмкін болмай, кейбір адамдар көшенің ортасында тұрып қалуға мәжбүр болған. Жергілікті халық бірнеше оқушының сабақтан да қалып қойғанын алға тартады.

Олар құзырлы органдардан мәселені назарға алып, нақты шара қабылдауды сұрайды.

Әкімдік не дейді?

Алматы қаласының әкімдігінің мәліметінше, бұл келеңсіз жағдай Рахат-Мәдениет шағын ауданында жүргізіліп жатқан инженерлік желілердің құрылысымен байланысты. Мәліметке сәйкес, жобаның аяқталуына аз қалған, яғни 98% орындалып қойғанға ұқсайды.

Көлемді жер қазу жұмыстары мен жол жабынының толық аяқталмауына байланысты, әсіресе жауын-шашын кезінде кейбір көшелерде батпақ пайда болуда, - дейді әкімдік.

Құзырлы орган сонымен қоса жолды толық қалпына келтіру бастапқы жобаға кірмегенін атап өтеді.

Дегенмен тұрғындардың өтінішінен кейін аяқталған учаскелерге материалдар төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілуде, - деп қосты олар.

Сондай-ақ биыл шағын ауданда жаңа автомобиль жолдарының құрылысы жоспарланғанын да қосып өтті.

 

  Ақберен Амангелді

Наверх