Алматыда Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков пен Нұрлан Оразалин дауыс берді

20 Қараша 2022, 15:00
1229
Бөлісу:
Алматыда Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков пен Нұрлан Оразалин дауыс берді

Алматыда қоғам қайраткерлері, актер-әншілер, ақын-жазушылар, өнер иелері президент сайлауына белсенді қатысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов «Самал» шағын ауданында орналасқан №382 сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Халықтың әл-ауқаты, көңіл-күйі түзелмей береке болмайды. Көңіл-күй жақсы болған кезде ғана жұмыста береке болады. Бұл бір. Екіншіден, ғылым, білім, мәдениетті дамыту керек. Ұлылардың айтуынша, мәдениетсіз, әдебиетсіз ел – ел емес деген. Сондықтан мен таңдаған кандидат осыған көп бөледі деп мен сенемін. Келешек үшін адал қызмет істейді деп ойлаймын», - деді Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов.

Қаладағы №301 сайлау учаскесінде жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин да төбе көрсетті. Қаламгер ұлттың болашағы үшін таңдау жасағанына сенімді.

«Елімнің іргесі шайқалмасын, мықты болсын, бірауызды болайық, ұрпағымыз ақылды болсын, болашағымыз бекем болсын деген өзімнің жүрек қалауыммен келген даусымды бердім. Кімге дауыс бергенімді оны уақыт өзі көрсетеді. Бірақ біз жаңа Қазақстанның жаңғырып, болашаққа нық қадаммен басып келе жатқан батыс пен шығыстың осынау қиын кезеңінде өзін-өзі аман сақтап алатын Қазақстанның ұлтыма, ұрпағыма болашақты қамтамасыз ететін Қазақстанға дауыс беру үшін келдім», - деді ақын, Мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.

Алматыда әнші, ҚР халық әртісі Мақпал Жүнісова Д.Снегин атындағы №30 мектеп-гимназиясында орналасқан №383 сайлау учаскесіне қызымен бірге келіп, президент сайлауында дауыс берді.

ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан Алматының N531 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. 

«Бұл сайлаудан кейін жоба-жоспарымыз жүзеге асып, Қазақстан келелі кезеңге қадам басады деп ойлаймын. Қазақ деген ел алтын қазық бола алмасақ, ұлттық мүддені, ұлттық идеологияны алға шығармасақ, Қазақстан мемлекеті кімге керек? Бес саусақтай бүгіліп, жұдырықтай жұмылып, бірлік пен ынтымаққа жұмыс істеуіміз керек. Бүгін мен өз таңдауымды жасадым», – деді ақын, ҚР жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан.

Белгілі жазушы Дулат Исабеков №492 сайлау учаскесінде дауыс берді. "Бүгін - кезектен тыс президенттік сайлау. Әркім кімге дауыс беру керектігін өзі анықтайды. Біз бәріміз сайлауға қатысуымыз керек", - деді ол.

Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев «Мамыр» шағын ауданындағы №202 орта мектепте орналасқан №211 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. 

Еліміздің еңбек сіңірген әртісі, әнші Бақтияр Тайлақбаев №176 жалпы білім беретін мектепте орналасқан № 508 сайлау учаскесінде дауыс берді. 

"Сайлауда біз республиканың әлеуметтік, идеологиялық және ең бастысы экономикалық дамуын қамтамасыз ететін елдің лайықты көшбасшысын анықтайтынымызға сенімдімін. Бұл біздің мемлекетіміз үшін өте маңызды. Қазіргі саяси жүйе аясында Президенттің жеке басына көп нәрсе байланысты. Мен сауатты және беделді мемлекет басшысы дұрыс саясатты қалыптастырады деп сенемін. Мен еліміздің болашағы үшін өз дауысымды беруге келдім!",- деп атап өтті Бақтияр Тайлақбаев.

Алматыда спортшылар да саяси белсенділік танытып отыр. Былғары қолғап шебері Назым Қызайбай «Ақжар» шағын ауданындағы №186 орта мектепте орын тепкен №515 сайлау учаскесіне барып, Қазақстан Президентін сайлауға үлес қосты. 

Әнші, қоғам қайраткері Нұрлан Албан маңызды саяси науқаннан қалыс қалмай, Президент сайлауында дауыс берді. Ол өз таңдауын №181 жалпы білім беретін мектепте орналасқан № 36 сайлау учаскесінде жасады.

Өзгелердің жаңалығы