Алматы қаласының прокуратурасы қайта жүргізілген медициналық сараптамадан кейін кейуананы туысы өлтіргені аныталған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Прокуратураның мәліметінше, аталған оқиға 2020 жылдың 9 қарашасында Медеу ауданында болған. Өрттен кейін қарт әйелдің өртенген мәйіті табылған.
Сол кезде жүргізілген медициналық-сараптамалық сот әйелдің өлімі техникалық электр қуатымен зақымдану нәтижесінде пайда болғанын және жедел жүрек тамыр мен тыныс алу жеткіліксіздігінің салдарынан болғанын көрсеткен.
Ал, өрттің шығу себебі ұзартқыш электр сымының тұйықталуынан туындаған деп көрсетілген. Осы сараптамалардың нәтижесінде, сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған.
Арада біраз уақыт өткен соң қайтыс болған адамның туыстарының уәжімен Медеу ауданының прокуратурасы іс жүргізуді қайта бастаған.
Қадағалау органының нұсқауы бойынша мәйітті эксгумациялау жүргізілді және комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалды, бірқатар басқа тергеу әрекеттері жүргізілді. Қосымша сараптаманың қорытындысы бойынша өлімнің себебі мойынның қолмен қысылуымен механикалық асфиксия болғандығы анықталды,-деді прокуратура.
Қайтыс болған адамның 18 жастағы немересі қасақана кісі өлтірді деген күдікке ілінді. Ол сол күні отбасылық жанжалдың салдарынан дене жарақатын алып, содан кейін әжесін өлтіргенін айтып, мойындады. Үйде болған ақша мен зергерлік бұйымдарды иемденіп, қылмыстың іздерін жасыру үшін ол әдейі өрт шығарған.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы кісі өлтіргені, сондай-ақ мүлкін ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, 12 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.