Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қала әкімі тұрғындармен кездесу барысында көпбалалы аналарға құқықтық кеңес беретін және олардың жәрдемақы бойынша өтініштерін қабылдайтын бір терезелі орталық құрылатынын айтты.
«Бүгінгі таңда қаламызда 14,5 мыңдай көпбалалы отбасы бар, олардың 5 561-інің әлеуметтік жағдай төмен. Көпбалалы аналармен кездесу кезінде көпшілігің қиын кезде қайда жүгінетінін білмейтіндігі айтылды, кейбірінің қалада туысы жоқ немесе күйеулері тастап кеткен. Осыған орай біз оларды жұмысқа тұрғызуға қолдау көрсету, жәрдемақы алу жөніндегі өтініштерін толтыру бойынша кеңес беретін орталық құруды жоспарлап отырмыз», - деді ол.
Сондай-ақ, ол бұл орталыққа көпбалалы аналардың өзін жұмысқа тартатындықтарын жеткізді.
«Мәселен, кеше менімен кездескен көпбалалы аналардың бірі Гауһар Танашеваны алайық. Ол 8 баланы тәрбиелеп отыр, оның бесеуін асырып алған. Ол үкіметтік емес ұйымды басқарып отыр әрі қоғамдық ортада белсенді қызметпен айналысуда. Мұндай аналарға ыңғайлы болу үшін Орталықтан шағын балабақша ұйымдастырылады. Біз қазір қала орталығынан ғимаратты тауып қойыдық. Егер демеушілер тапсақ жақын арада жөндеу жұмыстарын бастаймыз», - деді Бауыржан Байбек.
Әкім сонымен қатар қалада ҮЕҰ көп болған сайын азаматтық белсенділік жоғары бола түсетіндігін айтып өтті.
«Қоғамдық ұйымдарды қаржыландыру бойынша Алматы бірінші орында. Өткен жылы 90-ға жуық түрлі әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылған», - деді ол.