Алматыда ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған "Адамзаттың Абайы" атты шаралар циклі аясында жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің қолдауымен ұйымдастырылды. Тұсаукесерде мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген бірнеше еңбек жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл кітаптар Абай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған.
Жиынға бірқатар көрнекті қаламгерлер мен ғалымдар қатысты. Олардың қатарында "Абайтанудың кейбір мәселелері" атты еңбектің авторы, академик, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай, Мәдениет және ақпарат министрлігінің комитет төрағасы Рустам Али, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева, филология ғылымының докторлары Қансейіт Әбдезұлы, Қорабай Серікқазы Сыбанбайұлы және Зәйкенова Руда Зәйкенқызы болды.
Шараның модераторы ретінде ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қаженбайұлы Қойтанов сөз алып, Абай мұрасының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.