Сауда нысандарында өрт қауіпсіздігін сақтамаған 609 іс анықталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлімдеді.
Алматыда 7 айдың ішінде 388 өрт тіркелді. Жалынның 11-і сауда нысандарында болған. Бұл өрттердің себептері: электр сымдары мен құрылғыларының қысқа тұйықталуы – 10 жағдай, дәнекерлеу – 1 жағдай. Нәтижесінде меншік иелеріне де, жалға алушыларға да үлкен материалдық залал келтірілді. Тек тауарлық-материалдық зиян келтіріп қана емес, сонымен қатар көптеген отбасылар табыс көздерінен айырылды, – деді Алматы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Константин Канин.
Департаменттің есебінде барлығы 14 мыңнан астам сауда объектілері бар, олардың 242-сі жоғары және орташа тәуекел дәрежесіне жатады, олар, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, өрт қауіпсіздігі саласында профилактикалық бақылауға және қадағалауға жатады.
Биыл 26 сауда нысаны профилактикалық бақылауға алынды, өрт қауіпсіздігі талаптарының 609 бұзушылығы анықталды. Басшыларға анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар берілді, - деді басқарма бастығы.
Мамандар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтауға шақырды.