Алматыда 5 мыңнан астам адам Абай әндерін орындады

22 Наурыз 2025, 22:55
742
Бөлісу:
Алматыда 5 мыңнан астам адам Абай әндерін орындады
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда бес мыңнан астам адам қазақтың ұлы ақыны, философы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының шығармаларын бірге орындады. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осылайша Наурыз мейрамын және Абайдың 180 жылдық мерейтойының жақындауын атап өтті. Музыкалық флешмоб таңертеңгі сағат 9.00-де басталды. Абай даңғылы бойымен – Абай алаңынан Назарбаев даңғылына дейін 5 мыңнан астам адам жиналды. Олардың қатарында Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының әртістері, Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының болашақ музыканттары, танымал вокалистер, қала тұрғындары мен қонақтары болды.

10.00-де Алматы аспанында Абай әндері шарықтады – мыңдаған адам «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық ай» әндерін бір уақытта шырқады. Бұл жай ғана музыкалық қойылым емес, Абай мұрасына деген құрметтің, мәдени жадының және ұлттық бірліктің көрінісі болды. Хордың әуезді үні көктем мерекесінің рухани жаңғыру мен тазару идеясына үндесті.

Музыкалық шарадан кейін Республика сарайы алдындағы сахнада театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарлама өтті. «Жаңа ғасыр» театрының актерлері Абай шығармашылығына арналған спектакль көрсетті. Сондай-ақ, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері халықтық өнерді жаңғыртып, тарихи образдарды сахнаға алып шықты.

Айта кетейік, бүгін Маңғыстауда да 5 мың адам ұлттық киім киіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Өзгелердің жаңалығы