Алматыда қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен мемлекеттік қордың жерінде орналасқан рұқсатсыз салынған сауда орындары мен стационарлық емес сауда нысандарын бұзу жұмыстары басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ мегаполис әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл шараның мақсаты – ретсіз саудамен күрес және қала кеңістігіндегі қауіпсіздікті арттыру.
Үш күн ішінде мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінен құралған комиссия 211 заңсыз сауда орнын (102 дүңгіршек және 109 күш өлшегіш) бұзып, 270 кәсіпкерге ескерту хат берілді.
Айта кету керек, қызмет түріне қарамастан, барлық заңсыз сауда нысандары бұзылуда. Әсіресе, көше тағамдарын сататын орындарға ерекше назар аударылуда. Мұндай бірнеше нысан, атап айтқанда, Абай даңғылындағы мемлекеттік цирк маңында сүрілді. Аталған сауда орындары инженерлік желілерге, электр энергиясына қосылмаған, көріктендіру ережелерін бұзады. Қала тұрғындары мұндай жерлерде тамақ сатып алу денсаулыққа қауіпті екенін айтуда.
Заңсыз дүңгіршектер көбінесе арықтардың үстіне қойылады, санитарлық норма сақталмаған, дәретхана жоқ. Олар мектептердің, балалар жүретін орындардың жанында орналасқан. Кейін тамақтан улануы ғажап емес, – дейді қала тұрғыны Евгений Богачев.
Қаланың мәслихат депутаты, көріктендіру мәселелерімен белсенді айналысып жүрген Тимур Елеусізов бұзылған сауда орындарының барлығы электр желілеріне заңсыз қосылғанын, бұл қаланың инфрақұрылымына қосымша жүктеме түсіретінін атап өтті.
Бұл қаланың электр желілеріне артық жүктеме түсіреді. Олардың қызметін реттеу үшін осындай бастамаларды қолдау қажет, – деді ол.
Еске сала кетейік, Алматы әкімдігінің 2024 жылы 27 тамыздағы №3/469 қаулысына сәйкес, қала аумағында 157 СЕСН орналастыруға арналған 142 орын бекітілген.
Кәсіпкерлік қызметін заң аясында жалғастырғысы келетін кәсіпкерлер Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына 390 21 30 телефоны арқылы жүгіне алады.