Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда жатақхана салу бойынша бәсекелестік төмен. Бұл туралы «Қаржы Орталығы» АҚ Ілгерілету және сыртқы коммуникация департаментінің директоры Айнұр Сағындықова брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, елімізде студенттерге арналған 84 мың орынжай жетіспейді, оның 40 мыңдайы Алматыға тиесілі.
2000 жылдың басында бала туу көрсеткішінің жоғарылауы себепті алдағы уақытта студенттер қатары күрт өседі. Осы тұрғыда елімізде мемлекеттік тапсырыспен жатақхана салу қолға алынған. Ол мемлекет пен жеке меншіктің әріптестігіне негізделген. Инвестор оқу орны немесе жеке кәсіпкер тұлғасында құрылыс салу үшін өз қаражаты есебінен нысанды іске қосуды жүзеге асырады. Нысанды сәтті іске қосқан соң мемлекет қаражатты аударады, – деді ол.
Сонымен қатар ол 2018 жылдан бері 30 030 орынды 124 жатақхана пайдалануға берілгенін атап өтті.
Оның ішінде 4 мыңнан астам орынды 19 жатақхана Алматыда салынған, бұл студенттер қажеттілінігінің 10 пайызын ғана шешкен. Алматыда жатақхана салу бойынша бәсекелестік төмен, – деді департамент директоры.
Айнұр Сағындықова баяндамасында жыл соңына дейін тағы 35 жатақхана пайдалануға берілетінін айтты.