Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда автобус күтіп тұрған үш адамды көлігімен қағып кеткен 32 жастағы жүргізуші Александр Типикин 6 жыл 8 айға сотталды, деп хабарлады Almaty.tv.
"Александр Типикин қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді. Ол 10 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сондай-ақ, 2 айдың ішінде қаза болған 2 әйелдің отбасына 2 млн теңге моральдық өтемақыны өтеуге міндетті. Жарақат алған ер адамға моральдық шығын ретінде 500 мың теңге төлейді", - делінген хабарламада.
Александр Типикин Алматы қаласының Медеу аудандық сотында Toyota Corolla көлігін мас күйінде және жүргізуші куәлігінсіз жүргізгенін мойындады.
Айта кетейік, жол апаты 16 наурызда күндізгі 13:00 шамасында Медеу ауданында болған. Toyota Corolla автокөлігінің жүргізушісі Тәттібеков және Коперник көшесінің қиылысында Renault Duster автокөлігімен соқтығысып, автобус аялдамасында тұрған 3 адамды қағып кетті. Соның салдарынан 31 жастағы әйел сол жерде көз жұмды. Екінші келіншек ауруханада қайтыс болды. Ал, Манарбек Тоғжановтың аяғы сынып ауруханаға жеткізілді.