Алматы, BAQ.KZ. Биыл Әуезов ауданында 46 ескі үй сүріліп, орнына жаңа баспаналар салынады. Бұл туралы аудан әкімі халық алдындағы есеп беру жиынында айтты, деп хабарлады Алматы телеарнасы.
Әнуар Өскенбаев 2018 жылы жүзеге асқан жобалар мен атқарылған істерді тізіп шықты. 294 мыңнан аса тұрғыны бар ауданда 11 мыңнан аса өнеркәсіп бар. Бөлшек тауар айналымы 396 млрд 7 млн теңгені құраған. Өткен жылы ауданнан мемлекеттік бюджетке 91 млрд теңге салық түскен. Одан өзге, 2018 жылы халықты қолжетімді баспанамен қамту аясында 7 нысан пайдалануға беріліп, бүгінде 8 нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ал жыл басынан бері білім және денсаулық саласындағы 2,5 мың қызметкердің айлық жалақысы 23 пайызға өскен.
«Ескі үйлер бағдарламасы аясында Сүлейменов көшесіндегі 46 ескі үйді сүру жоспарланып отыр. Олардың орнына заманауи тұрғын үй кешендері салынады. Яғни, 2360 жаңа пәтер пайда болады. Үйлерді сүру және тұрғындарды көшіру бойынша қазір 5 үйде жұмыстар басталып кетті. Жалпы, ауданда 92 ескі үй бар. Тексеру жұмыстары аяқталған соң инвесторлар іздей бастаймыз. Және бұл жерлерде тек жаңа үйлерді салып қана қоймай, мұндағы жылу, электр, су жүйелерін жаңғыртамыз», – деді Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Әнуар Өскенбаев.
2018 жылы ауданда мектепке дейінгі мекемелер саны 30 пайызға көбейіп, 152-ге жеткен. Оның 45-і мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік. Сондай-ақ, 913 орынға арналған 25 балабақша ашылған. Аудан басшысы биыл 150 аулада жөндеу жұмыстарының жүргізілетінін айтты.
«Ауданымызда биыл атқарылар іс көп. Соның бірі – «Сарыарқа» және «Арыстан» базарларын жаңғырту жұмыстары. Олардың орнына заманауи сауда орталықтары пайда болады», – деді Әнуар Өскенбаев.