Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ӨКҚ алаңында өткен бюрифингте Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров «Алматы жастары» бағдарламасына қатысушыларына қойылатын негізгі талаптар жайлы айтып берді.
Оның айтуынша, бағдарламаға қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда) болу керек, екіншіден үміткерде және оның отбасы мүшелерінің меншік құқығында тұрғын үйдің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайының әдейі нашарлауы фактілері болмау қажет. Сондай-ақ қатысушының Алматы қаласындағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО мен ҒЗИ, журналистер, әлеуметтік сала және құқық қорғау органдары санаттары бойынша міндетті зейнетақы аударымдары бар кем дегенде соңғы 6 ай ішінде ресми жұмыс өтілі болуы керек. Сондай-ақ Алматы қаласында тіркелген, бір жылдан кем емес мерзімде әрекет ететін ЖК иесі де қатыса алады, алайда аталған талап мәдениет саласындағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған қатысушыларға ғана қатысты.
Тұрғын үй қарыздарын бөлудің ашықтығы мен айқындығы мақсатында іріктелгендер тізімі, резервке енгізілген және қабылданбаған қатысушылардың тізімі өтінімдерді қабылдау сайтында орналастырылады.
«Отбасы Банк» АҚ Алматы қаласы филиалының директоры Данагүл Түсіпованың айтуынша, іріктелген үміткерлерге сайттағы жеке кабинетке «Отбасы банк» АҚ-на төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама беріледі, жолдама алған өтініш берушілерге 15 жұмыс күні ішінде төлем қабілеттілігін бағалаудан өту үшін «Отбасы банк» АҚ-ның кез келген қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет.
Төлем қабілеттілігін сәтті растаған қатысушылар 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы және қайталама нарықтарда тұрғын үйді дербес таңдауды жүзеге асырады. Таңдалған тұрғын үйдің құжаттары тұрғын үй қарызын беру мүмкіндігін қарау үшін «Отбасы банк» АҚ-на ұсынылады. «Отбасы банк» АҚ мақұлдауын алғаннан кейін сатып алу-сату шартын және кепіл шартын рәсімдеу және тіркеуді жүзеге асырады,-деді ол.
Айта кетсек, 2021 жылдың 10 наурызынан 31 наурызына дейінгі қабылдау қорытындысы бойынша 9741 өтініш түскен, оның ішінде салалар бойынша:
Денсаулық сақтау саласы – 2 614;
Білім беру саласы – 3 560;
Мәдениет саласы – 348;
Спорт саласы– 98;
ЖОО мен ҒЗИ қызметкерлері – 1 103;
Әлеуметтік сала – 715;
БАҚ саласы – 172;
Құқық қорғау органдары саласы – 1 131;
13.05.2022 жылғы жағдай бойынша 2 740 жолдама берілді, 1019 жас отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.