Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда 29 жасқа дейінгі жастарға жалға берілетін үй үшін 30 қазан мен қарашаның 12 аралығында өтінімдер қабылданды.
1-пул бойынша 249 пәтер осы айдың соңына дейін беріледі. Бұл туралы Алматы қаласы Тұрғынүй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Айбек Сайделдаев брифинг кезінде айтты.
Оның айтуынша, бұл пәтерлер жастарға сатып алу құқығынсыз 5 жыл мерзімге беріледі. Және бұл үйлердің барлығы "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасымен салынған.
Жастардан өтінім қабылдау кезінде 1244 өтініш келіп түсті. Бүгінде Тұрғынүй басқармасы балдық санау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Он күннің ішінде almaty-jastary.kz сайтынан өтінім бергендердің барлығының тізімін көре аласыздар, - деді ол.
Сонымен қатар, ол Алматы жастары бағдарламасымен берілейін деп жатқан үйлердің барлығы Алатау ауданы, Көкқайнар ықшамауданында орналасқанын айтты.
Бұл пәтерлердің жөндеу жұмыстары аяқталған. Алған адам келіп тұра береді, бәрі дайын. 1 бөлмелі пәтерлер 40 шаршы метрден аспайды. Бұл жалдамалы пәтер болғандықтан жастар оны 5 жылдан соң АКТ бойынша өткізеді. Осы аралықта жастарға қор жинап немесе басқа да тиімді бағдарламамен баспана алуына мүмкіндіктері бар, - дейді Айбек Сайделдаев.
Жастарға арнайы салынған үйлерде тек 1 және 2 бөлмелі пәтерлер бар. 1 бөлмелі пәтерді жалға алғандар айына 5 мың, 2 бөлмелі пәтерге 12 мың теңге төлейді. Оған қоса коммуналдық шығындарын да өздері төлейді.
Айбек Сайделдаев сондай-ақ, осы бағдарлама аясында жыл соңына дейін 1500 пәтер берілетінін айтты.
Айта кетсек, бұл үйлер Елбасының Жастар жылы аясында жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету тапсырмасы бойынша іске асып жатыр. Әсіресе жастар көп орналасқан Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жалдамалы баспана салу ісі жүргізілуде.