Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда StopMusor экологиялық акциясы аясында қолданылған полиэтилен пакеттерден жасалған арт-нысан таныстырылды.
Халықты қоқысты көшеге тастамауға үндейтін бұл картина қала ортасындағы арбатқа қойылды.Картина авторы Сәуле Сүлейменова бұл арт-нысан еліміздің астанасында жасалып, алдымен Нұр-Сұлтан тұрғындарына таныстырылғанын айтады.
Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы шілде айының басында Нұр-Сұлтан әкімдігінің қолдауымен қала тұрғындары мен қонақтары арасында полиэтилен пакеттерін жинауды ұйымдастырған болатын. Акция қаланың үш паркінде күні бойы өткізіліп, нәтижесінде 4000-нан астам пакет жиналды, солардан осы «Астана аспаны астында» арт-нысанын жасап шықтым, - дейді суретші.
Сондай-ақ, ол бұл картинаны салу жөніндегі идея қалай келгенін айтты.
Көктем кезінде экологиялық ұйым өкілдері картина салу жөнінде ұсыныс жасады. Бастапқыда гүлдер өсіп тұрған даланы салам деген ой болды. Кейін қызым Астананың ескі фотосын тауып әкепті, онда Ханшатырдың арты бейнеленген. Оның үстіне сол маңдағы қоқыстың тазаланбауына байланысты дау болған еді. Міне, осы жайттардан әдемі картина пайда болды, - дейді ол.
Сонымен қатар ол картина екі аптадай тұратынын айтты.
Нұр-Сұлтан қаласында 1,5 айдай тұрғанда адамдар картинаны тамашалап қана қоймай, әр жерін жұлып, бүлдіріп тастапты. Онда жұлып алатындай құнды зат жоқ, барлығы пакеттен тұрады. Содан қайта қалпына келтіруге тура келді, - дейді суретші.
Сәуле Сүлейменова «Алматы түні» атты пакеттен туратын алғашқы еңбегін 2017 жылы жасаған. Келешекте Алматы бейнеленген тағы 1-2 жұмыс жасауды жоспарлап отыр.