Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Кадр саясаты басқармасының басшысы Сәуле Шакалова Өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте айтты.
Оның айтуынша, осы жылдың басынан бері Алматы қаласы ТЖД-нің өрт сөндіру мен апаттық қызметінде штаттық жұмыс орны артқан. Осыған байланысты 262-і бос жұмыс орны ашылып отыр. Негізінен өрт сөндіруші, көлік жүргізуші және телефонға жауап беретін адамдар қажет.
С. Шакалова Азаматтық қорғау органдарына жұмысшылар қандай тәртіппен іріктеп алтынатынын айтып берді.
Бізге ҚР-ның 18 -35 жас аралығындағы азаматтары жұмысқа келе алады. Олар әскери борышын өтеген немесе ҚР-ның заңына сай әскери міндетін кейінге шегерген болуы керек. Білімі орташадан төмен болмауы керек. Сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналыспайтын және қылмыстық жауапқа тартылмаған болуы шарт. Азамат өзінің жеке және іскерлік қасиеттерімен дене дайындығы мен денсаулық жағдайы бойынша өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді орындауға қабілетті болуы керек,-деді ол.
Сондай-ақ ол қызметке кіру үшін азаматтар «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған біліктілік талаптарына сәйкес келуі қажет екенін түсіндірді.
Азаматтарды қызметке іріктеу бойынша жұмыс бірнеше кезең бойынша өтеді, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын білуге тест тапсыру, әскери-дәрігерлік комиссиядан өту, дене шынықтыру даярлығы нормативтерін тапсыру. Барлық кезеңдерден ойдағыдай өткен үміткер бастапқы кәсіби дайындықтан өту үшін Алматы қаласында орналасқан Оқу орталығына жіберіледі. Оқу орталығына қатысып жатқандар үш уақыт тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Оған қоса 100 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді,-деді Сәуле Шакалова.
Өрт сөндірушілер үшін бастапқы кәсіби дайындық 35 күнтізбелік күнді құрайды, жүргізушілер үшін – 14 күн, өзге қызметтер бойынша – 7 күн.
Егер сіз Азаматтық қорғаныс органдарында қызмет еткіңіз келсе, онда ТЖД-нің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» Кадр саясаты бөліміне хабарласыңыз. Оның мекенжайы: Қонаев көшесі 132, немесе 261-28-92 телефон нөміріне хабарласыңыз.