Өткен жылы Алматыға 1,3 млн турист келген

19 Маусым 2020, 17:35
1662
Бөлісу:
Өткен жылы Алматыға 1,3 млн турист келген

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Алматыға келуші туристер саны 23% өсіп, 1 млн 300 мыңды құрады. 

Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқарма басшысының орынбасары Қалибек Ақылбеков онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, өткен жылы Алматыға келген шетелдік туристердің қатары 19% артып, 435,6 мың адамды құраған. Ал ішкі туристер саны 25% өсіп, 898,5 мыңды құрапты.

Қалада орналасу орындары жыл сайын көбейіп келеді. Тек осы жылдың бірінші тоқсанында қалада орналастыру орындары 16%-ға артып, 346 орынды құрады. Мысалы, өткен жылдың қазан айында 96 жұмыс орнын құрумен "Hilton" қонақ үйі ашылды. Одан бөлек, 2020-2021 жылы жүз жұмыс орнын құрайтын әлемдік деңгейдегі екі қонақ үй ашылады, - дейді ол. 

Одан бөлек, бір жыл ішінде қаладағы қонақ үйлердегі нөмір қоры 8,6% артып, 11,8 мыңды құраған. 

Осы жылдың бірінші тоқсанында қалаға 265,3 мыңдай турист келді, бұл өткен жылғы осы аралықпен салыстырғанда 2,3% төмен. Оған шетелден келетін туристер санының төмендігі әсер етті. Шетелдік туристер ағыны үш есеге төмендеді, ол 65,6 мың адам, - дейді Ақылбеков.

Сондай-ақ, ол қалаға турист тарту бойынша қандай маркетингтік жұмыстар жүргізіліп жатқанын да айтып өтті. 

Өткен жылдың екінші жартысында 20 шетелдік туроператорға ақпараттық тур және БАҚ үшін 20 пресс-тур өткізілді. Сонымен қатар, туризм жөніндегі халықаралық көрмелер мен конференцияларға қатыстық. Соның арқасында TripAdvisor және Profi.Travel сияқты әлемдік платформалармен әріптестік орнаттық, - деді ол.

Қазақстан тұрғындары мен қала қонақтарының шығармашылық белсенділігін арттыру үшін "Алматы қаласы жөніндегі ең үздік бейне шолу" байқауы ұйымдастырылған. Одан бөлек, қазақ халқының ерекшелігін көрсететін кәдесый өнімдерін жасау үшін 50 қолөнер шебері арасында байқау өткізіпті.

Қалибек Ақылбеков қалада "Мың бояулы Алматы", "Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын тойлау", "Қазақстан халқының достығы" тақырыбында муралдар жасауды көздеп отырғанын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы