Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Алматы Тазалық" та Перизат Қайраттың қорына 3 млн теңге аударған

Олжас АДАЙ
17 Шілде 2025, 16:24
1550
Бөлісу:
 instagram/01pk
Фото: instagram/01pk

"Алматы тазалық" коммуналдық кәсіпорнының қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын Перизат Қайрат басқарған қорға жіберген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Biz Birgemiz Qazaqstan 2030»  қорына жалпы сомасы 3 миллион теңге болатын ақша жіберілген.

Бұл туралы кәсіпорын өкілі Құрман Мақсат мәлімдеді.

Қызметкерлер бастаманы өздері көтерді. Қатты күннің астында еңбек етіп тапқан қаражаттарын бөлісуге шешім қабылдады. Олардың ниеті – елге көмектесу, – деді Құрман Мақсат.

Оның айтуынша, қаражат 2024 жылдың 26 сәуірінде төлем тапсырмасы арқылы аударылған. Бұл шешім ұжымның ортақ келісімімен жүзеге асқан.

Құрман Мақсаттың айтуынша, "Алматы тазалық" ұжымы қор жұмысына толық сенім артқан. Қаражаттың нақты кімге жеткенін тексермеген.

Біз "қазақстандықтарға көмек керек" деген үндеуді көрдік. Ақша қайда жұмсалды, кім алды – ол енді ұйымдастырушылар мен қор жетекшілерінің ар-ожданына байланысты, – дейді ол.

Қызметкерлер қаражат жинау туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы білген. Қордың тасқыннан зардап шеккен азаматтарға арналғаны айтылған соң, қызметкерлер бір күндік жалақыларын өз еркімен аударуға ниет білдірген.

Бізде адамдар көмектескісі келді. Арыз жазып, бастықтарға жүгінді. Ақша жинау міндетті болған жоқ. Барлығы адал ниетпен жасалды, – деді Құрман Мақсат.

Бұған дейін Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты өтіп жатқан сот процесінде тосын жағдай болды.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде  Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. 

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды

Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған

Өзгелердің жаңалығы