Алматы тауларындағы заңсыз құрылыс алма бағының жойылуына әсер етуде

24 Мамыр 2023, 14:38
1128
Бөлісу:
Алматы тауларындағы заңсыз құрылыс алма бағының жойылуына әсер етуде

Алматы тауларында, су қорғау аймақтарында заңсыз үй салу фактілері азаймай тұр. Қазірдің өзінде тау бөктерінде 150-ден астам заңбұзушылық анықталса, су қорғау аумақтарында 118 заңсыз құрылыс тіркелген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Таудағы құрылыс соңғы жылдары саны азайып кеткен ағаштардың тамырлары кесілуіне, алма бағының жойылуына әсер еткен. Экологтар осы мәселені қаузап, дабыл қағуда. Олардың айтуынша, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары, ауыр техникалар ағаштарға айтарлықтай зиян келтірген.

Алматы тауларының жиегінде зәулім сарайлар бой көтергелі алма бақтары жойылып жатыр. Негізінде тау беткейлерінде ағаш алқабы болғаны жөн. Су тасқыны болған жағдайда қаланы селден қорғап қалады. Іле Алатауының Алматы қаласы орналасқан маңайында жабайы алма өсетін белдеу түгелге дерлік жойылып, урбанизация құрбанына айналды. Кезінде Алматының атақты апортына негіз болған жабайы алмаларды оқта-текте кездестіреміз. Негізінде жабайы алма ағаштарының генетикалық тұрақтылығын сақтау болашақта алынатын мәдени сұрыптардың сапасы үшін өте маңызды, – дейді Экология департаменті жанындағы жастардың экологиялық бастамалары кеңесінің төрағасы Әділ Нүрпейісов.

Алматы қаласы прокуратурасының мәліметінше, құрылыс нысандарына жалған әкімдік актілері жасалғаны анықталды. Осылайша, заңсыздығы анықталған учаскелерге шешім шығарылған. 

Бүгінде Наурызбай ауданының «Жайлау» шағын ауданында аумағы 13 гектар жеке тұрғын үй құрылысына арналған жалған әкімдік актілерінің күші жойылды. Онда таулардың бөктерінде аз қабатты тұрғын үй кешендерінің құрылысы жоспарланған болатын. Автокөлік жуу орындарының заңсыз жұмыс істеуінің 29 фактісі, сондай-ақ мақсатында пайдаланылмайтын 15 учаске анықталды. Бұл нысандар су қорғау белдеуінде орналасқан, – дейді қалалық прокуратураның ресми өкілі Нұрсұлтан Жеделбай.

Қала азаматтары тау бөктерінде бой көтерген құрылыс нысандарына теріс көзқараспен қарайды. Тұрғындар сөзінше, таудың жиегінде пайда болған үйлер, демалыс аймақтары табиғат тазалығы мен шырайын кетіреді. 

Алматыға өзім тек демалу үшін келетін едім. "Пик Фурманова" шыңына шығар жолда құрылысы бітпей қалған бір үй бар еді. Сол үйді көргенде бұндай жеке меншік үйлердің тауда орналасқаны дұрыс емес деп ойлағанмын. Қазір де дәл сондай үйлер Алматының тауларында көптеп салынып жатыр екен. Ол үйлер таудағы табиғатқа зиян келтіреді емес пе? Біріншіден үй салу үшін ормандағы ағаштар кесіледі, ол табиғатқа зиян. Екіншіден жер қазылады, оны қазу үшін техникалар керек, олар ауаны ластап кетеді. Осы мәселені бір жақты етіп шешсе, – дейді Дархан есімді азамат.

Кейбір тұрғын бассейн инспекциясының келісімінсіз су қорғау белдеулерін рұқсатсыз иемденген. Прокуратура жүргізген тексеріске қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Маңызды мәселе – су қорғау белдеулерінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге заңмен тыйым салынған. Мұндай аймақтар тұрғындарды табиғат апаттарынан қорғау мақсатында пайдаланылуы қажет. Сонымен бірге органдармен құрылысқа рұқсат берілген біршама нысандар жазаға тартылады, – дейді қалалық прокуратураның ресми өкілі Нұрсұлтан Жеделбай.

Айта кетейік, бұған дейін Бақытжан Базарбектің заңсыз құрылыс бойынша сауалына Бас прокурор жауап берген еді. 

Өзгелердің жаңалығы