Алматы тауларында құтқарушылар өздігінен кері жолды таба алмаған әйелге көмек көрсетті. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға Медеу ауданында, «Жапон жолы» маңында, теңіз деңгейінен шамамен 1950 метр биіктікте болған.
50 жастағы әйел таңертең тауға шыққан. Алайда жергілікті жерді жақсы білмегендіктен, бағытынан жаңылып, төмен түсетін жолды таба алмаған.
Құтқарушылардың мониторинг және жедел әрекет ету орталығы оның орналасқан жерін анықтап, онымен тұрақты байланыста болған. Кейін әйелді тау баурайымен төмен қарай қауіпсіз алып түскен.
Туристке медициналық көмек қажет болмаған. Таудан түскен соң ол үйіне өз бетінше қайтқан.
ТЖМ тауға шығар алдында маршрутты алдын ала зерттеп, ауа райы болжамын тексеруге, телефон қуатын толықтыруға және жақындарына қайда баратыны мен жоспары туралы ескертуге кеңес береді.