Жамбыл облысының Жуалы ауданында мотор майын тасымалдаған жүк көлігі аударылып, артынша өртеніп кетті.
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Алматы – Ташкент автожолының 560-шақырымында, Нұрлыкент ауылының маңында болған.
Жүк көлігі алдымен аударылып, тасымалдаған жүгі – мотор майы жолға төгілген. Осыдан кейін көлік пен төгілген жанар-жағармай материалдары отқа оранған.
Оқиға орнына құтқарушылар жіберілген. Олар жеткен кезде жүк көлігі мен төгілген жанар-жағармай материалдары ашық жалынмен жанып жатқан. Өрт сөндірушілер өртті толық сөндірді. Ведомствоның мәліметінше, зардап шеккендер жоқ.
ТЖМ өртті сөндіру сәтінің видеосын әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жариялады. Кадрларда өрт сөндірушілердің жүк көлігін шарпыған күшті жалынмен күресіп жатқаны көрінеді. Түнгі уақытта лапылдаған өрт тас жолды жарықтандырып, оқиға орнынан қою қара түтін көкке көтерілген.