Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы Талғар ауданының 29 жастағы тұрғыны аудан орталығындағы сауда үйіндегі шағын несие беру мекемесіне жасырынып кіріп, ақша ұрлап жатқан жерінен ұсталды. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Мекеме қызметкерлері қылмыскерді ұстады, ал оның қалталарынан ұрланған қаржыны алып жатқан бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары ресми деректі тіркеп, күдіктінің тұлғасын анықтады.
Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Оның бұдан өзге қылмыстарға қатысы бары анықталуда,- деп атап өтті облыстық ПД баспасөз қызметі.Алдын ала тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де ұрлық жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Түс мезгіліндегі үзілісті пайдаланған ол шағын несие беру мекемесінің кассасынан 50 мыңнан астам теңгені жымқырып, киімдеріне жасырған.
Полиция ақпаратына сәйкес, биыл Алматы облысы аумағында өзгенің мүлкін ұрлаудың 5 мыңнан астам дерегі ашылып, 10 миллион 600 мың теңгеден астам материалдық шығын өндірілген. Оның ішінде, жыл басынан бері Талғар ауданында 724 ұрлыққа қатысы бар тұлғалар анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылған.