Алматы аудандық сотында қоғам белсендісі Жанболат Мамайға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Прокурор қоғам белсендісі Жанболат Мамайға қандай айыптар тағылып отырғанын айтты.
Жанболат Мамай Қылмыстық кодекстің 378-бабының 2-бөлігі, 274-бабының 2-бөлігі, 3-тармағы, 272-бабының 1-бөлігі бойынша айыпталып отыр.
Қылмыстық іс бойынша жүргізілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде Алматы қаласының аумағында басқару тәртібіне, қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны анықталған.
Яғни Мамайға билік өкіліне, полицейлерге тіл тигізді, жалған ақпарат таратып, бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзды деген айып тағылып отыр.
Бұған дейін БАҚ-та британдық парламенттік комиссияның Мамай ісіне қызығушылық танытқаны туралы ақпарат пайда болған еді. Алайда ҚР Сыртқы істер министрлігі мұндай комиссияның жоқтығын хабарлағанын жазған болатынбыз.