Алматыда әйелге қарақшылық шабуыл жасағандар іздестірілуде

21 Ақпан 2019, 17:27
2228
Бөлісу:
Алматыда әйелге қарақшылық шабуыл жасағандар іздестірілуде

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда 35 жастағы әйелге қарақшылық шабуыл жасалып, үстіндегі ішігін шешіп әкеткен. Белгісіз екі жігіттің қылмыстық әрекеттері сол маңдағы бейнебақылауға түсіп қалған.

Соңғы күндері әлеуметтік желіде белгісіз екі адамның әйелге қарақшылық шабуыл жасаған бейнесі тарап жатыр. Бейнеде көпқабатты үйден жас әйел шығысымен оны аңдып тұрған жігіт артынан барып буындырып, есінен тандырады. Осы кезде екінші қаскөй айналаны торуылдап, әйелдің сөмкесін қолына алғанын байқаймыз. Ес-түссіз қалған әйелді ер адам жерге жатқызып, артынша үстіндегі ішігін шешіп әкетеді.

Бүгін Алматы Полиция департаменті бұл іс бойынша түсініктеме берді. Олардың дерегінше оқиға 15 ақпан күні Әуезов ауданында орын алған.

«35 жастағы әйелге қарақшылық шабуыл жасалған фактісі бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 192 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Осы қылмысты шешуге бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру үшін жедел-тергеу тобы құрылды: қылмыстық іс ашылады, кінәлі адамдар лайықты жазаларын алады»,-делінген полиция берген анықтамада.

Сондай-ақ жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбеген, тіптен ауруханаға да жүгінбепті.

Әділет Мұсахаев

Өзгелердің жаңалығы