Алматы ХҚКО-лары сапалы қызмет пен сауапты істі қатар алып жүр

29 Шілде 2020, 18:38
1252
Бөлісу:
Алматы ХҚКО-лары сапалы қызмет пен сауапты істі қатар алып жүр

Алматы, BAQ.KZ. Азаматтарға арналған үкіметтің Алматы қаласы филиалының қызметкерлері қазіргі қиын-қыстау кезеңде қиналып жүргендерге қол ұшын созып, жәрдем беруде.

Қазіргі кезде елімізді қауіпті індет дендеп, кәрі-жас демей жанталасып, қауіпті дертпен күресіп жатыр. Жақындарынан, ағайын-туыстардан айырылып қалғандар қаншама. Осындай жағдайда Азаматтарға арналған үкіметтің Алматы қаласы филиалының қызметкерлері де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұжымдық бірліктің үлгісін көрсетіп жүр,-делінген хабарламада. 

Мәселен, Алатау аудандық фронт-офис қызметкерлері, көмек сұраған екі жастағы Қыдырбаева Мәдинаның сырқатын шетелде емдетуге ұжым болып қаражат жинап, көмек қолын созған. Ал, оның ата-анасына әлеуметтік баспана алуға қажетті құжаттарын жинауға көмектесіп, баспана кезегіне тұруға жәрдемдесіпті.

Сонымен қатар, аудан тұрғыны Бақыт Алтынбекқызының отбасы мүшелері түгел індетке шалдығып, ауруханаға түскенде, Алатау фронт-офисі мамандары көмекке келіп, дәрі-дәрмегі мен қажетті заттарын алып берген.

Ал, №2 мамандандырылған ХҚО басшысы Жұлдыз Абықанова Наурызбай ауданының басшысы Балауса Ұлдарбекова Түрксіб ауданында Назгүл Жүнісова, Алмалы-2 бөлімінде Бағлан бастаған ХҚО еріктілері 50-ге жуық отбасына азық-түлік, тұрмыстық заттармен қайырымдылық көмек жасады. Ал, Алмалы аудандық бөлімінің маманы, Қазақстанның құрметті доноры Динара Тұрғалиқызы кезекті рет донация жасап, талай жанның өміріне араша болды,-делінген хабарламада. 

Осылайша, Алматы қаласы халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері өз денсаулықтарын қатерге тіге отырып, қызмет алушыларға тез әрі сапалы қызмет көрсетумен қатар, қала тұрғындарын моральдық және психологиялық тұрғыдан қолдап, материалдық демеу де көрсетіп жүр.

Осындай сын сағаттарды елмен бірге болып, қиналғандарға жәрдем беру патриоттық қана емес, ғажап адами құндылықтардың озық үлгісі. Ауызбіршілігімізді сақтап, бір-бірімізге деген мейірімділік, қайырымдылық сынды ізгі қасиеттерімізді жоғалтпасақ, қиындықтың қандайына да қарсы тұра аларымыз сөзсіз, - дейді "Азаматтарға арналған үкімет" МК Алматы қаласы филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетова.

Өзгелердің жаңалығы