Алматы, BAQ.KZ. Алматыда түнгі сағат 01:00 жауа бастаған қар түске дейін жалғасады деп болжануда. Қала көшелерін қардан тазарту үшін 574 арнайы техника жұмылдырылған. Бұл туралы қаланың Жасыл экономика басқармасы хабарлады.
Мердігер ұйымдармен 3100 тонна жолға шашатын материал дайындалған. Сондай-ақ күндізгі уақытта 718 арнайы техника мен 2,2 мың көше тазалаушы жұмыс істейтін болады. Таңғы сағат 08:00 жағдай бойынша қалаға 20 см қар түскен, ал таулы жерлерде 30 см дейін жеткен.
«Таңғы кезде елдің бәрі қауырт жұмысқа кетуде, кептеліс басылған соң көшені тазалау жұмыстары жалғасып, жол жиегіндегі қарлар шығарылады»,-делінген хабарламада.
Қала әкімдігі авто жүргізушілерді көшедегі тазалау жұмыстарына түсіністікпен қарауға және түнгі уақытта жол жиегіне көліктерді қалдырмауға шақыруда. Сондай-ақ жолды тазалауға кедергі келтіріген көліктерді эвакуатормен алып кететіндіктерін ескертті.
Қала әкімдігі қарды қала сыртына тасу жұмыстарын ақпанның 7 күні кешке аяқтауды жоспарлап отыр.