Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Балалар үйіне жаңадан қабылданатын балалар Қонаев қаласына орналастырылады.
Бұған дейін білім басқармасының басшысы Салтанат Дауысбекқызы мекемеге барып, ондағы жағдаймен танысып, қызметкерлердің көшу және жұмыс орындарын сақтау мәселелері бойынша пікірлерін тыңдаған болатын.
Балалар Алматыда қалғысы келетіндерін айтты, өйткені жаңа ортаға бейімделу және әлеуметтік ортадан ажырау олардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Бұл фактор шешім қабылдауда басты назарға алынды, - деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар, облыста жаңа балалар үйінің құрылысы жалғасуда. Жалпы ауданы 4000 шаршы метрді құрайтын заманауи ғимарат 240 орынға есептелген. Онда жайлы тұрғын бөлмелер, оқу сыныптары және демалыс аймақтары қарастырылған.
Жақын маңда 900 орындық мектеп орналасқан, ал балаларды тасымалдау үшін арнайы автобус бөлінеді. Кешеннің ашылуы жаз айларына жоспарланған.

Бұдан бөлек, жаңа ғимараттың бір бөлігі инфрақұрылымдық мәселелерге тап болған Нүсіпбаев атындағы интернатқа беріледі. Сондай-ақ, ғимараттың бір корпусы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының (КТБО) қажеттіліктеріне жұмсалады. Бұл облыстың әртүрлі аймақтарынан келген балаларды басқа қалаларға ауыстырмай, бір жерде орналастыруға мүмкіндік береді.
Әкімдік жетім балаларға қатысты барлық шешімдер олардың мүддесін, өмір сүру жағдайының жайлылығын және сапалы білім алуын басты орынға қоя отырып, қабылданатынын ерекше атап өтті.

Біздің мақсатымыз – балалар өзін қауіпсіз сезініп, жан-жақты дамуы үшін қолайлы орта қалыптастыру. №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда қалады, ал жаңадан келетін балалар Қонаев қаласындағы заманауи кешенге орналастырылады, - деді облыс әкімі.
Кездесу аясында балалар үйінің тәрбиеленушілері білім беру орталығы, туристік-спорттық кешен және инновациялық хабқа барды.

Құрылыс нысанын аралап, болашақ балалар үйінің паспортын таныстырғаннан кейін біз үшін өте жақсы жағдай жасалып жатқанын және маңында ешқандай түрме жоқ екенін көрдік, - деді балалар үйінің тәрбиеленушісі Кирилл Капранов.
Еске салсақ, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы облысындағы балалар үйіне қатысты мәселе қалай шешілгенін айтты.