Алматы облысында қоқыс полигонындағы өртті жою жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Суды үздіксіз жеткізу үшін үш учаскеден су алу ұйымдастырылды. Өртті жою шаралары тоқтаусыз жүргізілуде.
Бұған дейін Алматы облысындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы жұмыстар туралы Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев мәлімдеді.
Қабылданып жатқан шаралар мен тартылған күштердің арқасында полигонның үстіңгі бетіндегі алаң кеңейтілді. Бұл инертті материалдар мен топырақты шашуға арналған техниканы көбейтуге мүмкіндік берді. Жеке құрам тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Тамақ ішу жұмыс орындарында ұйымдастырылған, бұл жұмысты үздіксіз жалғастыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Бейсенбі кешке Алатау қаласының әкімдігі жұмысшыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастырды.
16-17 қыркүйекте Іле ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары “Ұлттық сараптама орталығы” зертханасымен бірлесіп, полигонға жақын орналасқан тұрғын аймақта ауа сапасын өлшеу жүргізді.
Әкімдіктің мәліметінше, мониторинг бірнеше нүктеде жасалды: Өтеген батыр мен Байсерке ауылдарының шекарасында, Заманбек Батталханов пен Сейфуллин көшелерінің қиылысында, сондай-ақ ПКСТ “Дачник” және “Простор” саяжай алқаптарында. Зерттеу барысында азот оксиді, күкірт диоксиді, бензол және аммиакты қоса алғанда сегіз көрсеткіш бойынша сынамалар алынды.
Өлшеулердің нәтижесі бойынша зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрацияларының артуы тіркелген жоқ. Барлық көрсеткіштер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің гигиеналық нормативтеріне толық сәйкес келеді, – деп хабарлады облыс әкімдігі.
Айта кетейік, бейсенбі күні Алатау қаласында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді.
Еске салайық, 15 қыркүйек күні таңертең Алматы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында өрт шыққаны белгілі болған еді.
Ал кеше Алатау қаласында төтенше жағдай режимі енгізілді.