Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауа райының суытуына байланысты облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасына сәйкес жылыту маусымын белгіленген мерзімнен ертерек бастау туралы шешім қабылданды, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша Талдықорған қаласының жылу жүйелері мен желілері жылыту маусымына 100% дайын.
Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес жылу бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға беріледі. Балабақшалар, мектептер мен денсаулық сақтау мекемелеріне жылу 30 қыркүйектен бастап беріле бастады. Бүгін осы аталған жұмыстар толығымен аяқталуы тиіс. Ал тұрғын үйлерге жылу ертеңнен бастап беріле бастайды.
Жалпы Талдықорғанда орталық жылыту жүйесіне қосылған 82 бюджеттік мекеме мен 753 көпқабатты тұрғын үй бар. Облыс бойынша биылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстарына бюджеттен 15,9 млрд теңге қарастырылған.
Естеріңізге салар болсақ, Алматы облысында жылыту маусымы жыл сайын 15 қазаннан басталатын.