Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысының әкімі «Жылдың үздік мұғаліміне» темір тұлпар кілтін табыстады.
Қазанның алғашқы жексенбісі дәстүрлі түрде педагогтар мерекесі аталып өтеді. Дәл осы айтулы күннің шеңберінде, елдегі ұстаздар лайықты тұғырынан көрініп, марапат пен қошеметтің астында қалатыны мәлім. Осы орайда Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлының жыл сайын облыстағы алдыңғы қатарлы ұстаздар қауымын төл мерекелерімен арнайы құттықтап, алқалы жиында бас қосатынын айта өткен жөн. Биыл да сара жолдан жаңылмастан Жетісудың төрінде білім жүйесіне маңдай тері тамған, қолтаңбасын қалдырған ардагер мұғалімдермен, жас та болса бас болып, қатарынан оза шауып, ұрпақ тәрбиелеу ісіне атсалысып жүрген педагогтар бас қосты.
Салтанатты жиын «Ұстаз - ұлы тұлға» деген атауды арқау етті. Іс-шара шымылдығы бастауыш сынып оқушыларының, ардагер ұстаздарға деген сый-құрметімен түрілді. Жиындағы алғашқы сөз Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаевқа берілді.
Құрметті ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Ыбырай Алтынсариннің «маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзі өз мәнін жоғалтқан емес. Аяулы ұстаздар еңбегіне шын пейілден алғыс білдіремін. Білім саласын қаржыландыру жылдан-жылға өсіп келеді. Биыл Алматы облысында аталған салға 347,5 млрд теңге бөлінді. Президент тапсырмасына сәйкес үш ауысымды мектептер санын азайту көзделуде. Алдағы таңда 5 жыл ішінде 110 мектеп салу жоспарланып отыр. Әрине, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында барлық жағдай жасалатын болады, - деді Арслан Момышұлы.
Алқалы отырыста облысымыздың білім саласының дамуына зор үлесін қосқан және жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбегі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен аймақтағы 5 бірдей ұстаз марапатталса, өңір басшысының алғыс хаты Талдықорған қаласындағы облыстық зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының педагог-дефектологы Гүлмира Чокановаға табысталды.
Айта кетейік, облыстағы тағы да 5 мұғалім, білім саласындағы қажырлы еңбегінің нәтижесінде Білім және ғылым министрлінің «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісімен наградталды. Ал Ақсу ауданы Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлмира Қасенова, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін кеудесіне тақса, дәл осы алтын ұяның орыс тілі пәнінің мұғаліміне «ҚР Еңбек ардагері» медалі іс-шара барысында салтанатты түрде табысталғандығын атап өткен жөн.
Сондай-ақ Республика бойынша 172 ұстаздың ішінен топ жарып, «Үздік педагог» атағын жеңіп алған 4 мұғалім Алматы облысының білім ошақтарында еңбек етіп жүрген мамандар екені мәлім болды.
Олар өзгелерден дара шығып, 2 млн 917 мың теңге қаржылай сыйақыны иеленіп отыр. Солардың бірі - Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Гүлнар Төкенова.
25 жылдан астам еңбек өтілі бар ұстаз биіктен көріну үшін мамандығыңа жаныңды беруің керек деген пікірде.
Білім жүйесінде өзгерістер өте көп. Жаңартылған білім беру жүйесі бойынша студенттерді оқытудамыз. Мысалға алар болсақ, біздің колледж қазіргі таңда 2021 жылғы республикадағы ең үздік колледж болып танылды. Бүгінде жаңа бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Осы ретте, ұстаздарға мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетіліп жатқанын ерекше атап өткім келеді, - дейді Республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы Гүлнар Төкенова.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев облыстық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздарын құттықтады. Олардың әрқайсысы дипломдар мен 890 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Мерекеде мерейлері үстем болған мұғалімдер қатарын толықтырып, «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы» аталымында Есік гуманитарлық-экономикалық коледжі алға шықса, Үштөбе қаласындағы А.Пушкин атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі - 11-сынып жетекшісі Жаңылған Қайролла «Үздік сынып жетекші» аталымында топ жарды. Қос номинация иегерлеріне 1 дәрежелі диплом мен 500 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Ұстаздар ұлағатын сарапқа салатын байқауда «Жылдың үздік мұғалімі» Жамбыл ауданы Қарасу ОМ физика пәнінен сабақ беретін ұстаз Динара Бұхарбаева деп танылды. Биылғы ең мықты педагогқа JAC автокөлігінің кілті табыс етілді.
Мен үшін дүниедегі мамандық атаулының ең төресі - мұғалім. Себебі ұстаз барлық баланы білім нәрімен сусындатып, мейірім сыйлайтын абзал жан. Сондықтан да мен осы жолды таңдадым. Бүгін мұғілімдер қауымына үлкен қолдау көрсетілуде. Соның айқын дәлелі «Педагог мәртебесі» заңының қабылдануы. Қазіргі кезде ұстаздардың өзін-өзі жетілдіруіне, біліктілігін арттыруына еш кедергі жоқ. Бізге қалғаны саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек ету. Ал шынайы еңбек нәтижесі ешқашан елеусіз қалмайды деп білемін. Жыл сайын өткізілетін бұл байқау педагогтардың білімін шыңдауға және өзара тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Облыс ұстаздары атынан еңбегімізді бағалап, одан да биікке самғауға көмек көрсетіп отырған өңір басшысы Амандық Баталовқа алғыс білдіремін. Барша әріптесімді мерекемен құттықтаймын, - деді «Жылдың үздік мұғалімі» Динара Ермұрзақызы.
Осылайша, облыстағы кіл мықты педагогтар лайықты тұғырынан табылды.
Тіршіліктің тұтқасы, жүзіктің көзі, ақынның сөзі, зергердің алтыны - ұстаз.
Зейнолла Қабдолов «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Бірақ бұған өкінбеу керек. Жер үстінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ. Ұстаздық – ұлы нәрсе» деп ұлағатты мамандардың бар болмысын көркем сөзбен жеткізген еді. Батыр да, дана да ұстаздардың алдынан өтетінін ескерсек, мұғалімдер қауымының дәрежесі қашанда жоғары.