Алматы облысында жазғы маусымға дайындық: Балаева туристік нысандарды аралады

Жұмыс сапары барысында Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайлар мен «ASP Arena» көпфункционалды кешені қаралды.

 Үкіметтің баспасөз қызметі Кеше 2026, 21:50
Кеше 2026, 21:50
158
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевмен бірге өңірдегі туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығын тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұмыс сапары барысында Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайлар мен «ASP Arena» көпфункционалды кешені қаралды. Жауапты органдар санитариялық жағдай, қауіпсіздік шаралары, медициналық және құтқару қызметтерінің дайындығы, сондай-ақ демалушыларға қолайлы жағдай жасау бойынша есеп берді.

Вице-премьер нысандардың толық дайындығын алдын ала қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, судағы қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ халықпен түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңызын айтты.

Аида Балаева жекеменшік демалыс орындарының иелері де тазалық, инфрақұрылым жағдайы және келушілердің қауіпсіздігі үшін толық жауапкершілік алуы тиіс екенін ескертті. Осыған байланысты облыс әкімдігіне тиісті ұсынымдар әзірлеу тапсырылды.

Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігіне туристік нысандар иелерінің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған құқықтық тетіктерді пысықтау жүктелді. Қоғамдық тамақтану және сервистік нысандардың қызметі заң талаптарына сай болуы тиіс екені де айтылды.

Бұдан бөлек, көлік логистикасы, автотұрақтардың жеткіліктілігі және жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері көтерілді. Қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу қажеттігі ерекше атап өтілді.

Сапар қорытындысы бойынша санитариялық жағдайды жақсарту, қауіпсіздік пен инфрақұрылым дайындығын күшейту, сондай-ақ демалыс аймақтарына жүйелі бақылау орнату тапсырылды.

Наверх