Ішкі істер министрлігі есірткі бизнесіне қарсы күрес аясында кезекті ірі арнайы операция жүргізді. Жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы облысының Қарасай ауданында орналасқан жасырын есірткі зертханасы анықталып, оның қызметі тоқтатылды.
Polisia.kz мәліметінше, 29 жастағы күдікті жеке тұрғын үйді синтетикалық есірткі өндіретін зертханаға айналдырған. Тергеу деректеріне сәйкес, қажетті химиялық реагенттер мен арнайы жабдықтар интернеттің көлеңкелі сегменті арқылы жеткізіліп отырған.
Тінту барысында полицейлер 28 келіден астам α-PVP синтетикалық есірткісін, 880 литр прекурсорды және есірткі өндіруге арналған зертханалық құрал-жабдықтарды тәркіледі.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, тәркіленген өнім синтетикалық есірткінің алғашқы дайын партиясы болған. Оның көлемі шамамен 125 мың бір реттік дозаға тең.
– Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында бұл қауіпті заттардың заңсыз айналымға түсуіне жол берілген жоқ. Мыңдаған адамның есірткіге тәуелді болу қаупінің алдын алдық. Өңірдегі криминогендік ахуалға елеулі қауіп төндірген ірі есірткі өндірісі жойылды, – деді Елдар Әбдікенов.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл бап бойынша кінәлі деп танылғандарға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейін жаза қарастырылған.
Ішкі істер министрлігі есірткі қылмыстарына қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Ведомство өкілдерінің айтуынша, есірткі өндіру мен оны заңсыз таратуға қатысты кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылып, заң аясында жауапкершілікке тартылады.