Алматы облысында 9 сынып оқушылары сыныптасын топтасып ұрып, жан сақтау бөліміне түсірген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы журналист Гүльмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы. Қалаға кіре беріс алып көпірдің асты күші тасыған оқушылар мекені болған. Топтық төбелес, тығылып ішу осында деседі. Кеше ғана 9 сынып оқушылары топтасып өз сыныптасын өлімші етіп ұрып тастаған. Бала жан сақтау бөліміне түсті, қазір ауруханада. Ата-анасы өзімізді кінәлі қылуда деп жазыпты. Ата-ананы тыңдамайтын, тәртіпке бағынбайтын, инспектордан ықпайтын баланың орны - колония!,- делінген жазбада.
Аталған жағдайға қатысты Алматы облысы білім басқармасының баспасөз қызметі пікір білдірді.
2025 жылдың 31 қаңтар күні кәмелетке толмаған А. есімді оқушы Қонаев қаласы көпсалалы ауруханасының жан сақтау бөліміне “Химиялық антисептикпен ұлану” диагнозымен түскен. Қонаев қаласының полиция басқармасында іс тіркеліп, бүгінгі күні тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде жасөспірім толық есін жиып, ауруханада ем қабылдауда, жағдайы қалыпты,- деді Алматы облысы білім басқармасы.
Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Полицияда өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын толық және жан-жақты зерттеу үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстардың нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді,- деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.