Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қапшағай қаласында ересектерге арналған оңалту орталығын ашып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елдің әлеуметтік саласын жаңғырту және азаматтардың әл-ауқатын көтеру мемлекеттік саясаттың басты мақсаты екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты облыста халықты әлеуметтік қорғау жүйесін тиімді дамытуға, әлеуметтік-медициналық қызмет қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бар жағдай жасалып отыр. Осы бағыттағы маңызды міндеттердің бірі – ерекше мұқтаждығы бар адамдарға қолдау көрсету. Бүгінгі күні оңалту құралдарымен және қызметтерімен 31 мыңдай адам немесе 88% қамтылған. Өмірдің қиын жағдайларында қалған 3 мыңнан астам адамға әлеуметтік арнайы қызмет көрсететін 15 мемлекеттік мекеме жұмыс істейді. Сол сияқты 33 «Инватакси» арнайы автокөлігі тегін қызмет көрсетеді, - деп атап өтті Б.Байжұманов. Ашылған жаңа орталықта емделушілерге арналған 17 бөлме, әкімшілік және емдеу кабинеттері, соның ішінде массаж жасау, тұзды шахта, физиоемдеу, 4 ЛФК кабинеті және басқалары бар. Сан түрлі тренажерлар тірек-қимыл аппараттарын дамытуға, инсульттан және инфаркттан кейін ағзаны қалпына келтіру, тыныс алу жүйелері органдары ауруларының алдын алуға және олардан емдеуге бағытталған. Орталықта кардиолог, невролог, травматолог, диабетолог, кіші медициналық қызметкер – жалпы саны 21 маман жұмыс істейді. Негізінен тірек-қимыл аппараты мен түрлі жүйелерді толық қалпына келтіру, сол сияқты күнделікті өмір мен еңбек жағдайына бейімдеу қызметтері көрсетіледі. Орталықта оңалтудан өтіп жатқан адамдарға 4 уақыт тамақ беріледі. Нысанды одан әрі кеңейту жоспарланған, яғни жылына мың адамға дейін қабылдайтын мүмкіндік жасалмақ. Жобаның жалпы құны 17 млн. теңгеден асады. Осындай тағы бір нысан Қаратал ауданы Үштөбе қаласында «Қаратал» күндізгі болу орталығының жанынан 50 адамға арналып ашылды. Мекемені биыл күтіп ұстауға бюджеттен 123 млн. теңге бөлінді. Ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды, ауласы абаттандырылды, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Мекеме заманауи оңалту құралдарымен жабдықталған. Орталықта логопед, дефектолог, психолог, медициналық мамандар қызмет көрсетеді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұраттың айтуынша, аудандағы шалғай ауылдардың балалары назардан тыс қалмайды. Кішкентайлардың аналары да орталықта балаларының жанында бола алады. Күндізгі болу орталығына келіп жүргенімізге біраз болды. Осы уақыт аралығында баламның денсаулығында оңалу белгілері байқала бастады. Орталықты ашуға үлес қосқан азаматтардың бәріне аналардың атынан рахмет айтамын, - деді 6 жасар Айбектің анасы Әсем Қойшығұлова. Жалпы биылғы жылы Алматы облысында 9 медициналық-әлеуметтік мекеменің ауласы абаттандырылды, көгалдандырылды, асфальт жабыны салынды, воркаут алаңдары орнатылды, футбол алаңдары салынды. 2 медициналық-әлеуметтік мекеме ғимаратына күрделі жөндеу жасалды, 8 мекемеге балалардың бұлшық ет және иммунды жүйелерін нығайтуға, тірек-қимыл аппараттарын дамытуға арналған заманауи оңалту құрал-жабдықтары сатып алынды. Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматы облысында Қапшағай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы базасында 50 орынды оңалту орталығы ашылды. Жаңа нысанның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов қатысты, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.