Алматы облысында ұлттық спорт жақсы дамып келеді

17 Ақпан 2022, 17:46
3002
Бөлісу:
Алматы облысында ұлттық спорт жақсы дамып келеді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Jetisý Media» ақпараттық алаңында өткен брифингте Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев өңірде өтетін ұлттық спорт шаралары туралы айтып берді.

Оның айтуынша, 2022 жылы өңірдегі ауылдар мен аудан орталықтарында ұлттық спорттан көптеген іс-шара өткізіледі.

Алматы облысында ұлттық спорт түрлері бойынша 3 спорт мектебі және 1 орталық қызмет көрсетіп жатыр. Мектептің бірі Талдықорған қаласындағы ипподромда жұмыс істеп жатыр. Ол жерде 29 бапкер күрес, қазақ күресі, құсбегілік, аударыспақ, жанбы ату сияқты спорт түрлерінен машықтандырып жатыр. Аудандарда спорт филиалдары бар. Ол жерде 10-20 жас аралығындағы балаларға ұлттық спорт бойынша сабақ өткізіліп жатыр. бүгінде онда 511 спортшы бар. Ипподромда пандемияға байланысты 2020 жылдан бері ешқандай іс-шара өткізілмеді,-деді Теңізбаев.

Сондай-ақ ол биыл мамыр айынан бастап Талдықорғандағы ипподромда спорттық іс-шаралар қайта ұйымдастырылатынын жеткізді.

Мамыр айында Жеңіс күніне орай облыс әкімінің кубогы мен өзге де ұлттық спорт түрінен ойындар өткізіледі. Ал, Қапшағай қаласындағы ат спорты мектебінде көкпар, жанбы ату ойындарымен қатар олимпиадалық ойын түрлерінен аттық спорт түрлері жаттықтырылады. Онда қазір 207 бала ұлттық спорт түрі бойынша жаттығады,-деді ол.

Сондай-ақ ол өңірде тоғызқұмалақ, қазақ күресі жақсы дамып келе жатқанын айтты.

Облысымыздың тумасы Ұлан Рысқұл мен Руслан Әбдіразақов чемпионаттарда орын алып жүр. Тағы бір жас балуанымыз Ержан Еренғайып әлем чемпионатында жүлдегер болды. Жамбы ату спорт түріне де қазір қызығушылық жоғары. Биыл көшпенділер ойындары Түркияда жоспарланып отыр, Қырғызстан да ойындар өтеді. Оған ұлттық спортта жүрген спортшыларымыз барады,-деді басқарма басшысы.

Өткен жылы өңірде 30 облыстық, 9 республикалық, 1 халықаралық жарыс ұйымдастырылған. 
 

Өзгелердің жаңалығы