Алматы облысында табиғи газ қосуға жеңілдік жасалады

29 Шілде 2020, 22:25
3333
Бөлісу:
Алматы облысында табиғи газ қосуға жеңілдік жасалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына қолдау көрсету мақсатында абоненттерді газбен жабдықтауға қосу қызметтерінің құнын арзандатылады.

Бұл бойынша "Талдықорған қаласы мен Алматы облысының елді мекендеріндегі тұрғын үйлерді газдандырудың" қаржылық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Бағдарламаның негізгі мақсаты - газбен жабдықтау жүйесіне абоненттерді қолжетімді бағамен және бөліп төлеу мүмкіндігін қолдана отырып қосу. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 500,0 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының хабарлауынша, облыстың елді мекендерін газдандыру бағдарламасының үйлестірушісі - "Жетісу-ОблГаз" ЖШС. Мәселен, Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылы абоненттерін газбен жабдықтау үшін "Жетісу-ОблГаз" ЖШС мен "ХоумГаз" ЖШС жеке ұйымы арасында абоненттерді газға қосу жұмыстарын жүргізуге консорциум жасалған. Консорциумға сәйкес бір абонентті толық қосу құны орташа есеппен 250-300 мың теңге болады. Бұл ретте құрылыс материалдары мен жабдықтарының барлық түрлері абоненттерге 8 ай мерзімге пайызсыз бөліп төлеу арқылы беріледі. Бүгінгі таңда 43 абонентті газ тарату желілеріне қосу жұмыстары басталды, үй иелерімен келісімшарттар жасалуда.

Еске салсақ, Алматы облысында 144 елді мекен газдандырылды, табиғи газға 1,1 млн. адам немесе тұрғындардың 56% қол жеткізе алады. Барлығы 20 аудан мен қалалардың 15-і газдандырылған. Облыстың газдандырылмаған қалған 5 ауданы үшін ұзындығы 224 км "Талдықорған-Үшарал", ұзындығы 118 км "Шелек-Кеген" магистралды газ құбырының ТЭН және ЖСҚ-сы әзірленуде. Осы мақсаттарға облыстық бюджеттен 149,1 млн теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 91 елді мекен газдандырылатын болады, 300,0 мың абонент газға қол жеткізеді.

Өзгелердің жаңалығы