Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматы облысында құны 15 млрд теңгелік агрокешен іске қосылды

3 Қараша 2025, 08:54
456
Бөлісу:
 Ауыл шаруашылығы министрлігі
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Алматы облысында дәнді және майлы дақылдарды терең өңдеуге маманданған «Қапшағай Бидай Өнімдері» атты жаңа агрокешен жұмысын бастады. Жобаның жалпы құны – 15 млрд теңге, деп хабарлайды BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Салтанатты ашылу рәсіміне Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ қазақстандық және қытайлық бизнес өкілдері қатысты.

Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 1 миллион тоннадан астам өнім өндіруге мүмкіндік береді. Бұл – Алматы облысындағы Қаскелеңнен кейінгі екінші ірі өңдеу кешені.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа зауыт өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыратынын атап өтті.

Алматы облысы – еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын жаңа деңгейге көтереді, – деді өңір басшысы.

Ал ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, агрокешен Мемлекет басшысы қойған ауыл шаруашылығын терең өңдеу жөніндегі тапсырмамен үндес.

Мұндай кәсіпорындар агросектордың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жергілікті экономиканы нығайтады, – деді ол.

Іс-шара соңында қатысушылар зауыттың өндірістік желісімен танысып, символдық түрде қызыл түймені басу арқылы кәсіпорынның жұмысын ресми түрде іске қосты.

Өзгелердің жаңалығы