Алматы облысында коронавирусқа қарсы күреске қанша қаржы бөлінгені айтылды

18 Қаңтар 2022, 12:52
1101
Бөлісу:
Алматы облысында коронавирусқа қарсы күреске қанша қаржы бөлінгені айтылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысында коронавирусқа қарсы күреске жергілікті бюджеттен 13,8 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы Алматы облысы Қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Арман Жансенгіров мәлімдеді.

Жансенгіров өңірде коронавирусқа қарсы күреске жергілікті бюджеттен 13,8 млрд теңге бөлінгенін айта келе, облыстағы медициналық ұйымдар коронавирустың жаңа толқынына қарсы тұруға әзір екенін жеткізді.

Қазір медициналық ұйымдарда 17 компьютер томографы, 52 ренген, 606 ИВЛ аппараты жұмыс істеп тұр. Бұл аппараттар қазіргі кезге жеткілікті. Оған қоса 17 медициналық ұйым оттегі станциясымен қамтылған, бұл бағытта жергілікті бюджеттен 818 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар 180 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы іске қосылды,-деді ол.

Өткен тәулікте өңірде 320 адамнан коронавирус анықталған, оның ішінде 33 науқаста симптомсыз. Сырқаттың бір тәуліктегі өсімі 0,5 пайыз. Қазір медицина қызметкерлерінің бақылауында 2 856 науқас бар, оның 716-сы ауруханада ем алып жатыр. Кеше ауруханаға 92 науқас келіп түскен. 

Сонымен қатар ол облыста 18 зертхана жұмыс істейді, ол күніне 9 мыңға дейін сынаманы зерттей алады екен. 17 қаңтардағы жағдай бойынша зертханалар 1 млн 221 ПТР сынамасын зерттеген. 

А. Жансенгіров облыста жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге вакцина салу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
Өңірде коронавирусқа қарсы вакцинаның І компонентін 41 885 жасөспірім алған, жүкті әйелдер – 3102, бала емізетін әйелдер – 8 237. ІІ компонентін 15 538 жасөспірім, жүкті әйел – 1 204, бала емізетін әйелдер – 2 985,-деді ол.

Сондай-ақ 8 232 адам ревакцинация алған. Оның ішінде 7585-і медицина қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер – 1915, педагогтар – 7 734, созылмалы ауруы барлар – 800. Өңір тұрғындары коронавиурсқа қарсы вакцинаның 4 түрін таңдай алады, атап айтқанда қытайдың Синофарм компаниясының вакцинасы, отандық Qazvak, «Спутник V» және pfizer вакциналары.

Өзгелердің жаңалығы