Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылдың 20 қарашасында Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері республикалық маңызы бар «Үшарал-Достық» тас жолында құтқару жұмыстарын жүргізді.
Достық бекетіндегі №20 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері «Ырғайты» мен «Жалаңашкөл» учаскелері арасында үш адамды қар құрсауынан құтқарды.
Сол күні кешке қарай 112 телефонына «Ырғайты» учаскесінің маңында адамдарды эвакуациялау қажеттігі туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына Ақши ауылынан Алакөл өңірінің құтқарушылары барды. Олар 6 адамды, оның ішінде 1 баланы құтқарды. Құтқарылғандардың барлығы медициналық көмекке мұқтаж емес, - делінген ТЖД таратқан ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы облыстық филиалы мен «Казахавтодор» ЖШС Алматы облыстық филиалының ақпараты бойынша ағымдағы жылдың 20 қарашасында сағат 16.30-дан бастап ауа райы жағдайлары - қатты дауыл, қарлы боран, көрінудің нашарлауы салдарынан республикалық маңызы бар «Үшарал-Достық» жолында (84 шақырымнан 184 шақырымға дейін) көлік қозғалысы барлық көлік түріне жабылған болатын. Осы ақпаратты, Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға SMS, Darmen ұялы қосымшасы, ведомстволық сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы ескерткен еді. Құтқарылғандардың барлығы жолға, оның жабылғанына дейін шыққан екен.
Қыста жолдарда төтенше жағдайларды болдырмау үшін Төтенше жағдайлар департаменті ауа-райының өзгеруін, метеорологиялық есептерді қадағалауға, 112 қызметінің SMS хабарламаларын назардан тыс қалдырмауға және егер ауа райы нашарлап, жолда көлік қозғалысына шектеу енгізілсе, жолға шықпауға шақырады.