Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қар барысы «Алтын-Емел» ұлттық паркінде қараша айында тағы да фототұзаққа түсті.
Бұл ілбістің аталған ұлттық парктегі екінші видеосы. Қыркүйек айында фототұзаққа бір барыс түскенін ескерсек, енді ұлттық паркте сирек кездесетін жануардың екі дарағы мекендейді деуге негіз бар.
Қызыл кітапқа енген аңның саны жылдам азайып келеді. Қазақстанда 120-130, әлем бойынша 7 мыңдай ғана барыс өмір сүреді.
Ғылыми дәйектердің жоқтығына қарамастан, «Алтын-Емел» ұлттық паркінде барыс мекендейтіні құжат жүзінде дәлелденіп қойды.
Айта кетейік, бұл жолы фототұзақ басқа тау шатқалына - шатқал шұңқырының, яғни барыс апанының дәл қасына орнатылды. Видеодан барыстың қалай демалып, пырылдағанын, айналаны торуылдап жүргенін көруге болады.
Қыркүйектегі барыс пен осы жолғы барыстың жүрген орындары бір-бірінен алыс екенін ескерсек, бұлар екі бөлек дарақ болуы мүмкін. Болжамды нақтылау үшін ілбістердің терісіндегі дақтар жіті салыстырылады.
Сирек жануарлардың фото, видео түсірілімдері БҰҰ Даму бағдарламасы орнатқан фототұзақтар көмегімен алынуда.
Барыстың табылуына байланысты және басқа да сирек ұшырасатын Тянь-Шань аюы, Түркістан мысығы, Тянь-Шань арқары, тас сусар, манул жануарларын зерттеу үшін «Алтын-Емелде» жаңа ғылыми-зерттеу жұмысы мен ұлттық парктің жануарлар популяциясының жағдайын бақылау ғылыми бағдарламасы басталады.