Алматы облысында деструктивті діни топтарға тіркелушілер саны 22%-ға азайды

1 Ақпан 2022, 19:19
1133
Бөлісу:
Алматы облысында деструктивті діни топтарға тіркелушілер саны 22%-ға азайды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Бұл туралы Алматы облысы «Дін саласындағы мәселелерді зертеу орталығы» КММ директорының орынбасары Сағыныш Жанабай «Jetisý Media» алаңында өткен брифингте айтты.

Оның айтуынша, Алматы облысында 12 діни конфессияға тиесілі 678 діни бірлестік өз қызметін атқарып жатыр. Олардың басым көпшілігі Ислам дініне қарайтын мешіттер мен Христиандық шіркеулер. Діни бірлестіктерде жұмыс істейтін жұмысшылар мен миссионерлердің қызметі Алматы облысы Дін басқармасының бақылауында. 

Былтыр өңірдің әр ауданында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында арнайы ақпараттық түсіндіру топтары құрылған. Қазір олар нәтижелі жұмыс атқарып жатыр. 

Сонымен қатар әлеуметтік желідегі жұмыстарды жүйелеу, халықты ақпараттандыру мақсатында басқарма тарапынан жұмыстар атқарылды. Яғни фейсбук, инстаграм, уатсапта көптеген топтар ашылып, халықты ақпараттандыру жұмысы жүргізілді. Былтыр әлеуметтік желіде 9 мыңнан астам ақпараттық материал жарық көрді, оның қатарында қысқа фильмдер мен роликтер де бар, – деді Сағыныш Жанабай. 

Сондай-ақ ол интернет кеңістіктегі діни ахуалға жедел мониторинг жүргізу мақсатында «Аналитикалық Интернет карта» бағдарламасы іске қосылғанын, соның нәтижесінде деструктивті деп танылған сайттар мен әлеуметтік желідегі топтарды бұғаттау бойынша жұмыстар жүргізілгенін жеткізді. 

Былтыр Алматы облысы деструктивті сайттарды пайдалану бойынша республикада үшінші орында тұрды. Сондықтан деструктивті контентті қолдаушы азаматтармен нәтижелі жұмыс жүргізілді. Біздің мамандар тарапынан жасалған ескертулерді ескермеген азаматтарға әкімшілік айыппұл салынды. Облыс көлемінде 5 азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалды, тағы екі азматтың ісі сотта қарауда жатыр, – деді ол.  

2021 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша Вконтакте желісіндегі деструктивті діни топтарға тіркелушілер  саны   2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 22%-ға төмендеген.  

Талдау барысында 16 мемлекеттік қызметшінің, 10 діни қызметшінің, 5 құқық-қорғау қызметкерінің,  100-ге жуық студент жастардың деструктивті контент қолданатыны анықталып, мамандар тарапынан тиісті түсіндіру шаралары жүргізілді, – деді Жанабай.
 

Өзгелердің жаңалығы