Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы облысы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Шағиахмет «Jetisý Media» ақпараттық алаңында өткен брифингте айтты.
Оның айтуынша, өңірде коронавирус инфекциясына қарсы күрес жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы екі аптада сырқаттанушылық көрсеткіші 0,6 пайыздан 0,7%-ға өскен, өңір «қызыл» аймақта. Соңғы тәулікте 454 адамнан коронавирус анықталған, 112-сі 14 жасқа дейінгі балалар.
Сонымен қатар ол вирус негізінен жұмыссыздар мен зейнет жасындағы адамдар арасында анықталып жатқанын жеткізді.
Мәселен, сырқаттанғандардың 32,3%-ы 30-49 жас аралығындағылар, 20-29 жастағылар - 20%, 14 жасқа дейінгі балалар – 12,8%,-деді ол.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық бизнес үшін карантиндік шараларды жеңілдету жөніндегі тапсырмасына қатысты облыстық бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы дайындалып жатқанын жеткізді.
Қазір көптеген қоғамдық тамақтану орындары Ashyq қосымшасымен түнгі сағат 24.00-ге дейін жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта олардың жұмыс уақытына қатысты жаңа өзгерту енгізіледі, - деді Әлия Шағиахмет.