Алматы облысында 31 канал жаңғыртылды: 5 мың гектар жердің суару мәселесі шешіле ме?

Балтабай суару алқабындағы ауқымды жоба аяқталуға жақын. 68,5 шақырымнан асатын 31 канал жаңғыртылып, келесі жылы не өзгеретіні белгілі болды.

 Су ресурстары және ирригация министрлігі 13 Қазан 2026, 09:27
13 Қазан 2026, 09:27
149
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Балтабай суару алқабындағы ирригация жүйелерін жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 68,5 шақырымнан асатын 31 каналды реконструкциялау көзделген. Оның ішінде жалпы ұзындығы 15,2 шақырым болатын 4 канал шаруашылықаралық, ал жалпы ұзындығы шамамен 53,3 шақырымды құрайтын 27 канал шаруашылықішілік каналдарға жатады.

Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары 100 пайызға орындалған. Жобаны іске асыру Балтабай ауылдық округіндегі 5 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді.

Барлық нысан «Қазсушар» РМК-ның «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының қарамағында. Балтабай суару алқабын толық пайдалануға келесі жылдың вегетация кезеңіне дейін дайындау жоспарланып отыр, – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.

Наверх