Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Jetisý Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысы Қанат Бозымбаев елді мекендерге газ тарту жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Аймақта бүгінге дейін 1,3 миллион адам газға қол жеткізген. Ал, «Алматы –Талдықорған» магистральды газ құбырын толық орнату үшін іргелес жатқан елді мекендерде көгілдір отын желісі салынбақ.
Жалпы, желі бюджет есебінен жүргізілгендіктен, тұрғындардың табиғи газға қосылу құны да төмен болмақ. Әзірге жобалау сметалық құжаттамасы дайын. Сондай-ақ, жалпы сомасы 22 миллиард теңгеге 15 жобаның мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған,-дейді облыс басшысы.
Сонымен қатар ол облыстағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарымен бөлісіп, Жетісу өлкесінде минералдық шикізатты өндіріп, қайта өңдеуге басымдылық берілетінін айтты.
Алғашқы ірі жоба – «Жетісу Вольфрамы» ЖШС вольфрам кенін өндіру. Бұл жоспар Бұғыты кен орнында жүзеге асатын болады. Мұнда 94,5 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, салдарынан 400 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Оның жобалық қуаты 3,3 млн. тонна кен өндіруге жетеді, – деді Қ. Бозымбаев.
Жетісу жерінде іске асатын тағы бір маңызды жоба – «Көксай Мұзбел» ЖШС тау-кен байыту комбинаты. Мұнда келешекте 25 млн. тонна мыс кені қайта өңделеді. Бұл мақсатта 650 млрд. теңге инвестиция тартылмақ. Комбинат іске қосылса 1200 адам жұмыспен қамтылады.