Алматы облысында 100 келіден астам заңсыз ауланған балық тәркіленді

4 Ақпан 2021, 09:23
1909
Бөлісу:
Алматы облысында 100 келіден астам заңсыз ауланған балық тәркіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының Балқаш ауданында Жамбыл облысының тұрғынынан 100 келіден астам заңсыз ауланған балық тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Балқаш ауданының табиғат қорғау полицейлері басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен рейд жүргізу барысында Қараой ауылының тұсында тиісті рұқсаты болмаса да ірі көлемде балық аулаған браконьерді ұстады.

Тексеру барысында ұсталған адамның заңмен тыйым салынған пластикалық ауды пайдаланғаны анықталды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азамат Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының 1979 жылы туған тұрғыны болып шықты. Оны ұстау кезінде 100 келіден астам балық тәркіленді, – деді Балқаш ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Дәурен Құтпанов.

Полиция бөлімі басшысының ақпаратына сәйкес, браконьерден тәркіленген балықтар арнайы қабылдау орындарына өткізіледі және түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылады. Табиғат қорғау ұйымдарының есебі бойынша жамбылдық жігіттің заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 360 мың теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.

Өзгелердің жаңалығы