Жиналған техникалар құрамында, камаз, самосвал, трактор, су тасығыш және моторлы қайықтар бар, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қонаев және Алматы қалаларындағы станциялардан Батыс Қазақстан облысына су тасқынымен күресу үшін арнайы және инженерлік техникалар жөнелтіліп жатыр. Техниканы жөнелтуге дайындық жұмыстарына 300-ге жуық адам жұмылдырылды, оның ішінде Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазақстан темір жолы» АҚ өкілдері, 32363 әскери бөлімінің 55 әскери қызметкері және Қонаев қаласының әкімдігі қажетті материалдарды қамтамасыз етіп, жабдықтарды платформаға тиеді.
«Маревен Фуд Тянь-Шань» серіктестігі мен жеке кәсіпкер Арсамақов су басқан өңірлерге бара жатқан жүргізушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Алматы облысы әкімдігінің бастамасымен Қонаев және Алматы қалаларының станцияларынан Батыс Қазақстандағы су тасқынына қарсы күреске жалпы саны 166 арнайы техника жіберіледі, жақын маңдағы өңірлерден Алматы облысы жолдаған 41 техника апат аймақтарында жұмысын бастады. Кеше 60 техника және оның ішінде 4 қайық тиелген 47 платформа жолға шықты. Сонымен қатар 65 техника платформаларға тиеліп, жөнелтуді күтіп тұр. Әр пойыз дайын болған бойда жөнелтіліп отырады. Әр техникаға бір-бір жүргізуші тағайындалып, олар да пойыздың басындағы жолаушылар вагонына орналасқан. Бұл шараға облыс кәсіпкерлері, коммуналдық қызметтер мен облыстық басқармалар, сонымен қатар шаруа қожалықтары қатысуда. Халқымызды табиғаттан келген тосын жағдайдан аман алып шығуымыз керек. Біздің күшіміз бірлікте, - деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.
Айта кетейік, айдың басында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Атырау қаласына 33 жеке құрам мен 13 техника аттандырған болатын. Ал Абай ауданына 6 құтқарушы мен 2 техника жіберілді. Бүгін 4 құтқарушы мен 2 қайық жөнелтіледі.
Жөнелтілген техника шамамен үш күн жол жүреді және учаскеге жеткен соң барлық қажетті жұмыстарды бастайды.