Алматы, BAQ.KZ. Көксай ауылында қатты дауыл кезінде тал тура көліктің үстіне құлаған. Көлікте болған жолаушылар дін аман шыққан, ал жүргізушісі сол жерде мерт болды. Төтенше жағдай 6 маусым күнгі қатты дауылда орын алған, деп хабарлады КТК телеарнасы.
«Қарасам тал құлапты, астында көлік тұр. Ол кезде жүргізушісі болмады, жанында жедел жәрдем тұрды. Ішінде екі әйел отырды. Құлаған ағаш өте үлкен, 75 диаметрлі болып қалады. Тура көліктің алдыңғы терезесіне құлапты»,-дейді куәгер Алияр Ахмадкара.
Ағаш көлікке аяқастынан құлаған. Көлік бірден жолдан шығып кеткен. Куәгерлер жедел жәрдемді шақырғанымен жүргізушінің өмірін сақтап қала алмады. Оның өміріне кім жауап беретіні әзірге белгісіз.
Екі күн бұрын қатты дауыл соғып, арты жаңбырға ұласқан болатын. Алматының көшелерін су басқан еді. Қолайсыз табиғаттың салдарын әлі де қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қатты дауылдан көпқабатты үйлердің бірінің шатыры бүлінген. Абырой болғанда ешкім зақымданбады.